Ресейлік реаниматолог Денис Цветков: шымкенттік мамандар емдеу тәсілдерін өте жақсы меңгерген

231 қаралу саны

Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, науқастарға қажетті медициналық көмек берілуде. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Варзилов пен Ресейден келген жоғары дәрежелі реаниматолог Денис Цветков мәлімдеді.

Брифингте Шымкентке арнайы тәжірибе алмасу мақсатында келген жоғары дәрежелі реаниматолог Д.Цветков та сөз сөйлеп, жергілікті дәрігерлердің коронавирусқа қарсы атқарып жатқан жұмысына оң баға берді: «Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штатты режимде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың станционарға келіп түскен уақытынан бастап толық емдеу жұмысын көріп шықтық. Бұл тұрғыда бәрі дұрыс. Шымкент қаласындағы ауруханаларда интенсивті терапияны қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастар жансақтау бөлімінде ем алуда. Бұған қоса, оларға респираторлық терапия бойынша ем жүргізіледі екен. Бұл – өте жақсы. Әлемдік медицина деңгейінде қолданылып жатқан емдеу тәсілдерінің бірі – жасанды желдету мен инвазиялық желдету аппаратын қолдана отырып, ауыр жағдайдағы науқасты аман алып қалу. Бұл тәсілді жергілікті мамандар жақсы меңгерген. Шымкентте науқастарға кәсіптік медицина мамандарының көмегі қолжетімді. Қала тұрғындарына айтарым, ауру басталған сәттен бастап медициналық көмекке жүгініңіздер».

Айта кетейік, Ресейден келген 7 маман қаладағы бірнеше медицина ұйымын аралап, емдеу тактикасы бойынша жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасуда. Шымкентке көмекке келген мамандардың үшеуі – реаниматолог-дәрігер болса, қалған төртеуі – инфекционистер.

Дереккөз: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының брифингі.

Бөлісіңіз