Республикада коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайлары 18 пайызға төмендеді

154 қаралу саны

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. «3 тамызда 93 820 науқас тіркеліп, оның 27 597-сі ем алып жатыр. 55 132 адам емделіп шығып, 1 091 адам қайтыс болды. Толықтай алғанда, республика бойынша өткен аптамен салыстырғанда тіркелген жағдайлардың 18 пайызға төмендегені байқалады. 4 апталық карантин кезінде мынадай нәтижеге қол жеткізілді: төсек-орынның босауы 55 пайыз болды. Оның ішінде реанимациялық төсек-орындар 36 пайызға қысқарды. Жазылып шыққандар саны 69,4 пайызға жетті. Жедел жәрдем шақыру, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыртулар 40 пайызға азайды» деді министр.

Министрдің айтуынша, вирустың репродуктивтік көрсеткіші 24 пайызға, яғни, 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендеді: «Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Қатаң шектеу шараларын енгізгенге дейін репродуктивтік көрсеткіші 1,2 пайыз болған еді. Карантин енгізілген соң 2 аптадан кейін репродуктивтік көрсеткіштің тұрақты түрде төмендеу үрдісін байқап отырмыз».

Оның дерегінше, 23 шілдеден бастап инфекцияның репродуктік көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Бұл көрсеткіш 4 тамызда 0,89-ға дейін қысқарды. «Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда бұл көрсеткіштің 1-ден төмен болғаны маңызды. 4 тамызда репродуктивтік көрсеткіш Ақмола мен Қарағанды облыстарынан басқа барлық өңірде 1-ден жоғары болған жоқ» деді ол.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айының алғашқы 10 күнінің деректері негізінде коронавирустың репродуктивтік көрсеткішіне қайтадан есептеу жүргізеді. «1 тамыздан бастап статистиканы есепке алу әдісінің өзгеруіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айының алғашқы 10 күнінің деректері негізінде репродуктивтік көрсеткішіне қайтадан есептеу жүргізетін болады. Өңірлердегі ахуалды одан ары бағалауды жалғастырамыз. Маска тағу талабы іс жүзінде барлық қазақстандыққа қатысты болды» деді денсаулық сақтау ведомствосының басшысы.

Осы орайда ол маска тағу тиімділігіне қатысты халықаралық тәжірибеге сараптама жүргізілгендігін атап өтті. «Маска тағудың мультипликативтік әсері 1 айдан кейін вирустың репродуктивтілік деңгейін 4 есе төмендетеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, маска таққан адамның вирус жұқтыру мүмкіндігі 30 пайызға төмен болады. Сол себепті оның 1 айдың ішінде вирус жұқтыру көрсеткіші 300-ден 85 адамға дейін төмендейді» деді министр.


Дереккөз: ҚР Үкіметі отырысының тікелей эфирі.

Бөлісіңіз