Риза Боранбаева: Вакцинациялау төңірегінде жиі қойылатын 5 сұраққа жауап

Фото дереккөзі: Mk-kz.kz
275 қаралу саны

Біздің сайтымыз осы жылдың 2 мамырында 30 жылдан бері балалар дәрігері болып еңбек етіп келе жатқан Риза Боранбаеваның вакцинация туралы жазбасын оқырмандарға ұсынған болатын. Риза ханым бүгін осы тақырыпты одан әрі жалғастыруды жөн көріпті. Дәрігер бұл жолы өзінің Фейсбуктегі парақшасында екпе жөнінде жиі қойылатын бес сұраққа жауап беруге тырысқан. Оқып көрелік.

Риза Боранбаева: Соңғы күндері менің және әріптестерімнің вакциналық алдын-алу туралы жазбаларымызға комментарийлерді оқып отырып, адамдар вакцинацияның «зияндылығы» туралы пікірді негізінен кейбір заңсыз журналистердің, блогерлердің, күмәнді сайттардың жарияланымдары мен шөлді жердің масасындай шулаған антиваксерлердің пікірлерінен қалыптастыратындығын түсіндім. Сондықтан біз, дәрігерлер  міндетті (назар аударыңыз: мәжбүрлі емес) вакцинацияның маңыздылығы туралы сенімді ақпаратты халыққа жеткізуді жалғастыра беруіміз қажет деп санаймыз.

Комментарийлерді талдау нәтижелері бойынша мен ең жиі қойылатын 5 сұрақ бойынша бұл мәселелерді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді көрсете отырып және зерттеу жарияланымдарының нәтижелері бойынша қысқаша жауаптармен түсініктеме беруді ұйғардым. Бұдан басқа, адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация туралы көптеген сұрақтар туындады, тұрғындар арасында әйелдерде жатыр мойны обырының алдын-алуға қатысты сенімсіздік пен алаңдаушылық бар. Мен бұл сұрақтарды жауап беру үшін сарапшы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы, м.ғ.д., Диляра Қайдароваға жолдағым келеді. Сіздер бұл сұрақтарыңызды менің постымның төменгі жағында  қойсаңыздар да болады.

Сонымен біз екпенің маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ата-аналармен диалогтың болмауынан туындап отырған «вакциналық табансыздықпен» күресуді жалғастырамыз. Вакцинация туралы жиі қойылатын 5 сұраққа жауап беруді жөн көріп отырмын.

Бірінші сұрақ: Вакцинация тәртібі қалай жүзеге асырылуы тиіс, вакцинациядан бұрын қандай тексерулер мен зерттеулер жүргізілуі қажет?

Жауап: Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі Қазақстанда ең қауіпті және кең таралған ауруларға қарсы вакциналарды қамтиды, ол баланың жасын ескере отырып және вакцинациядан кейінгі иммунитетті қалыптастыру үшін қажетті уақытты ескере отырып жасалды. Сондай-ақ, вакциналардың үйлесімділігі, оларды бір мезгілде енгізу мүмкіндігі және әртүрлі вакцинациялар арасында және сол инфекциядан алынған ревакцинациялар арасында қажетті үзілістер ескеріледі.

Вакцинация процедурасы ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 «Халыққа профилактикалық екпе жүргізу жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Санитарлық ережелерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Параграф 2. Халыққа профилактикалық екпе жүргізу жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар. А.13. Профилактикалық вакцина берілмес бұрын, жалпы тәжірибе дәрігері немесе педиатр, дәрігер болмаған кезде фельдшер екпе алатын адамды медициналық тексеруден өткізеді, иммунизацияға қарсы көрсетілімдері болмаған кезде екпе алатын адамның медициналық құжатында вакцинациялауға рұқсатты ресімдейді, вакцина алатын баланы немесе оның ата-анасын немесе заңды өкілін алдын алу екпесі, иммундаудан кейінгі мүмкін болатын реакциялар мен жағымсыз әсерлер, вакцинациядан бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпаратпен қамтамасыз етеді.


Індеттің жалғыз жауы – екпе

Қазақстандық дәрігерлер, әсіресе, педиатрлар азаматтардан өз балаларына екпе жасау кестесіне жауапкершілікпен қарауға және вакцинацияны назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Фото: La Capital

Вакцинацияланатын адамға профилактикалық егулер жүргізілгенге дейін медициналық тексеру олардың денсаулығының нашарлауы туралы шағымдар болған кезде және (немесе) аурулардың объективті белгілері болған кезде жүргізіледі. Сонымен қатар, егу жүргізілетін аурулардың тізбесі және профилактикалық егу жүргізу ережелері туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 «Профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүзеге асыру ережелері мен жоспарлы егуге жататын халық топтарын бекіту туралы» Қаулысынан  табуға болады.

Екінші сұрақ: Неліктен ата-аналар вакцинация туралы ақпараттандырылған келісім үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, салдары туындаған кезде медицина қызметкерлеріне шағымданбайды және неге бұл құжатқа медицина қызметкерлері емес, тек ата-аналар қол қояды?

Жауап: ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 «Халыққа профилактикалық екпе жүргізу жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Санитарлық ережелерін бекіту туралы» бұйрығында  «Ерікті түрдегі келісім немесе профилактикалық егулерді жүргізуден бас тарту» туралы 1-қосымша бар. Аталмыш нысан бойынша ата-аналарға хабарланатын 5 тармақ:

1) профилактикалық егуді жүргізу  қажеттілігі;

2) профилактикалық егуден бұрын медициналық тексеруден өту қажеттілігі;

3) профилактикалық егуден кейінгі мүмкін болатын реакциялар мен жағымсыз көріністер туралы;

4) иммундаудан кейін кез-келген қолайсыз көріністердің дамуы жағдайында  медициналық ұйымға уақтылы жүгіну қажеттілігі;

5) профилактикалық егулерден бас тартудың салдары туралы.

Бұл құжатта медицина қызметкерлеріне қойылатын талаптар туралы тармақ жоқ, ата-аналардың жағымсыз көріністер бойынша жеке жауапкершілігі туралы да айтылмайды және ата-аналар да, медицина қызметкері де осы құжатқа қол қояды.

Үшінші сұрақ: Заманауи вакциналар бала үшін қаншалықты қауіпсіз, бұл қалай бақыланады?

Жауап: Қазіргі вакциналар қауіпсіз, оны әлемнің беделді ұйымдары – Американдық Педиатрия академиясының, Ұлттық Медицина академиясының және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшелері растайды. Бүгінгі күні вакциналар дәрумендерден де гөрі қауіпсіз деп есептеледі.

Кез-келген вакцина немесе дәрілік зат өндірісте шығарылмас бұрын жануарларда клиникаға дейінгі зерттеулерден өтеді, содан кейін клиникалық зерттеудің 3 кезеңі (еріктілер, науқастар және мыңдаған пациенттер бойынша) өтеді, содан кейін ғана препарат немесе вакцинаны тіркеуге лицензия беру туралы алқалы шешім қабылданады. Біздің елімізде вакцинаны таңдаған кезде сарапшылар олардың сапасы, тиімділігі мен қауіпсіздігін тексеру үшін оларды шығаратын кәсіпорындарға барады, содан кейін оны мемлекеттік тізілімге тіркеуге және оны сынақ орталықтарында сынақтан өткізуге шешім қабылданады.


Балалар дәрігерінің жан айқайы: вакцинациядан бас тарту – бұл екі қадам артқа шегіну

Фото: из личной страницы в Facebook Риза Боранбаева

Бұдан әрі вакцинаны Қазақстан Республикасында қолданғаннан кейін оны тіркеуден кейінгі бақылау басталады. Фармакологиялық бақылау органдары дәрігерлерден мәліметтер жинайды және вакцинацияға жағымсыз реакциялар туындаса, олардың себеп-салдарлық байланысын талдайды. Вакциналардың қауіпсіздігін бақылау туралы Ұлттық дәрілік заттар және медициналық бұйымдарды сараптау орталығының беделді сарапшысы, м.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Л.С. Күзденбаеваның ақпаратынан көбірек білуге ​​болады.

Төртінші сұрақ: Вакцинация мен балаларда аутизм дамуының арасында байланыс бар ма?

Жауап: Балалардағы аутизмнің даму себептері негізінен тұқым қуалайтын немесе генетикалық сипатқа ие, аутизмнің болуы жеке хромосомалық, алмасулық немесе органикалық аурулармен де туындауы мүмкін. Көптеген ата-аналар аутизм белгілерін балалары вакцинаны қабылдаған кезде байқайды, бірақ бұл екеуі бір-бірімен байланысты емес. Вакциналар мен аутизмнің даму байланысы туралы гипотеза 1998 жылы британдық зерттеуші Эндрю Уэйкфилд қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе алған балалардағы аутизмнің бірнеше жағдайларын сипаттайтын мақаласын жариялаған кезде пайда болды. Автор зерттеу мәліметтерін бұрмалағаны үшін жауапқа тартылды және медициналық лицензиясынан айырылды, ал журнал бірнеше тексерістен кейін зерттеуден бас тартты. Кейінірек рецензияланған 12000 ғылыми еңбек бұл жарияланымды жоққа шығарды және вакцинация мен аутизм арасында ешқандай байланыс жоқ деген қорытындыға келді.


Қазақстанда коронавируспен ауырған бір науқасты емдеу қаншаға түседі?

Айбатыр Жумагулов. Фото дереккөзі: ДДСҰ/ЕАБ сайты

Бұл зерттеулерге аутизммен ауыратын 7000 бала қатысты, вакцинацияланған және вакцинацияланбаған балалар арасында оның даму үлес салмағының айырмашылығы болған жоқ. Вакцинация мен аутизм арасындағы байланыстың жоқтығы туралы ресми есеп жариялаған ұйымдар: Autism Science Foundation (Аутизмді зерттеу жөніндегі ғылыми қоғам), American Academy of Pediatrics (Американдық педиатрия академиясы), National Academy of Medicine (Ұлттық Медицина академиясы), Mayo Clinic (Мейо Клиникасы), National Institutes of Health (Ұлттық Денсаулық сақтау институты), World Health Organization (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) және National Center for Complimentary and Integrative Health (Ұлттық   комплементарлы және интегративті денсаулық  орталығы).

Бесінші сұрақ: Вакцина құрамында баланың организміне уытты заттар бар ма?

Жауап: Вакцинада иммундық реакцияны күшейтетін немесе препараттың бактериялық ластануын болдырмайтын кейбір қосымша заттар бар.  Бірақ олардың бәрі адам организміне жат емес.

Алюминий өте аз мөлшерде иммундық реакцияны ынталандыру үшін қолданылады, бұл вакцинацияны тиімдірек етеді. Ол топырақ, суда және ауада да кездеседі, сондықтан өмірдің алғашқы 6 айында сіздің балаңыз егілетін барлық вакциналарға қарағанда ана сүтінен немесе сүт қоспасынан көбірек алюминий алады. Алюминий қордаланбайды және оның көп бөлігі екі аптаның ішінде ағзадан шығарылады.

Формальдегид вакциналардың микроорганизммен ластауының алдын-алу үшін пайдаланылуы мүмкін, бірақ ол энергия өндіру арқылы табиғи түрде адам ағзасынан шығып кетеді. Оның үстіне, нәрестенің ағзасындағы формальдегидтің табиғи мөлшері вакцинаның бір дозасынан 50-70 есе көп.

Тиомерсал құрамында белгілі бір микроорганизмдер мен токсиндердің белсенділігін жою мақсатында және препараттар шығару бойынша желілердің тазалығын қамтамасыз ету үшін  кейбір вакциналар (барлығында емес) өндірісінде этил сынабы бар қосылыс қолданылады. Этил сынабы төмен уытты, ол ағзадан шығарылады, сонымен қатар адам табиғи вакцинаның бір дозасынан гөрі күнделікті сынапты тамақтан, судан, атмосфералық ауадан алады. ДДСҰ 10 жылдан астам уақыт ішінде тиомерсалды вакциналарға арналған консервант ретінде пайдалану жөніндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәуелсіз сарапшылар тобын, атап айтқанда вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі Жаһандық консультативтік комитетін тарта отырып мұқият зерттеді. Комитет мүшелері вакциналардағы тиомерсал мөлшері адам денсаулығына қауіп төндірмейді деген біржақты тұжырымға келді. Осындай қорытындыға басқа сарапшылар топтары (АҚШ медицина институты, Америка педиатрия академиясы, Біріккен Корольдік дәрі-дәрмектер қауіпсіздігі жөніндегі комитеті, Еуропалық дәрі-дәрмектерді бағалау агенттігі) да  келді.

Баршаңызға зор денсаулық және көктемгі көңіл-күй тілеймін!

Естеріңізде сақтаңыздар, ата-ана ретінде балаңыздың денсаулығын сақтау туралы дұрыс шешім қабылдауға сіздің құқығыңыз бар, сондықтан да сіздер  хабардар болуларыңыз қажет!

Дереккөз: Фейсбук парақшасы

Фото дереккөзі: Mk-kz.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз