Сәуле Қисықова: Соңғы 3 күнде тәулік сайын 150-ден астам коронавирус инфекциясына шалдығу фактісі тіркелуде

276 қаралу саны

Елордада 20-дан астам вирусолог коронавирус жұқтырды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.

«Зертхананың 20-дан астам қызметкері індет жұқтырды. Олар күні-түні тәулік бойы жұмыс істеді. Олар да адамдар, робот емес, үнемі вирус ошағында жүр» деді Сәуле Қисықова.

Оның сөзіне қарағанда, бұрын қалада бір ғана зертхана болса, қазір күніне 5 мыңға дейін тест өткізетін 8 зертхана бар. 17 маусымдағы жағдай бойынша, шамамен 170 мың тест өткізілді. Қазір 40 мыңнан астам тест қолжетімді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы ПТР-тестілері мен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алу, Сovid-19 жұқтырғандар үшін жаңа төсек орындарын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта елордада эпидемиологиялық ахуал нашарлады. 17 маусымдағы жағдай бойынша 2 951 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркелді. Инфекция жұқтырушылардың саны өсуде. Дәрігерлерге, медбикелерге және коронавирус инфекциясымен жұмыс істейтін барлық басқа қызметкерлерге үлкен міндет жүктелді. 3 айдан бері дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр» деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 3 күнде әр күн сайын орта есеппен 150-ден астам коронавирус инфекциясына шалдығу фактісі тіркелуде. Олардың 50 пайызы індеттің белгілері жоқ түрімен ауыратындар. Сонымен қатар ол зертханалар қызметіне өте үлкен жүктеме түсіп жатқанын, тестілер аурудың белгілері бар және инфекция жұқтырғандармен жақын байланыста болғандарға қажет екенін жеткізді. «Тестілердің тапшылығына жол бермеу үшін, сондай-ақ нәтижелерді жедел өңдеу үшін өзге адамдарға тест тапсырудың қажеті жоқ» деді С. Қисықова.

«17 маусымдағы жағдай бойынша, елорданың жұқпалы аурулар және уақытша ауруханаларында 1711 адам жатыр. Бұл өз кезегінде жалпы сыйымдылықтың 90 пайызын алып отыр. Олардың ішінде 80 адам реанимация бөлімінде, ал өкпені жасанды желдетуге қосылған науқастар саны 4 есе өсті. Олардың 91 пайызы орташа ауыр дәрежеде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр жағдайда» С. Қисықова.

Осы орайда ол бұл науқастар шұғыл түрде жансақтау бөліміне түсетінін нақтылады. «Егер жыл басында күніне орта есеппен пневмониямен бес науқас келіп түссе, маусым айынан бастап күн сайын орташа алғанда 500 адамға жуық келеді. Оның ішінде әрбір екіншісі вирус пневмониясымен жатқызылады» деді басқарма басшысы.

«Егер де, қала тұрғындары қазіргідей жауапсыз, немқұрайды жүрсе, онда олардың барлығына ауруханалардағы дәрігерлер мен орындар жеткіліксіз болады. Сәйкесінше, тұрғындарға медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеуі мүмкін. Ұсынылған санитарлық нормаларды орындамасаңыздар, өте күрделі әрі ауыр жағдай орын алуы ықтимал» деді С. Қисықова.

Осы орайда ол қала тұрғындарының көбісі коронавирус инфекциясымен байланысты күрделі жағдайды елемей жүргенін атап өтті. «Сіздердің немқұрайды әрекеттеріңіз дәрігерлер мен медициналық ұйымдардың тапшылығына алып келуі мүмкін. Мұның салдары Италиядағы жағдайдың қайталануына әкеп соқтырады. Тұрғындардың денсаулығы бірінші кезекті өздерінің әрекетіне байланысты» деді ол.

«Тағы да еске салып өтейін, егер коронавирус инфекциясына тапсырған анализден індет анықталса, онда үйде оқшаулану керек. Осы орайда маска тағу режимін сақтап, күніне үш мәрте термометрия жүргізу қажет. Сонымен қатар, жеке гигиенаның барлық шараларын орындап, жеке ыдыстарды пайдаланып, бөлмені желдеткен дұрыс» деді спикер.

Оның сөзіне қарағанда, дене қызуы 38 градустан жоғары болса, 500 миллиграмнан парацетамол және күніне бір рет аспирин (150 миллиграм) қабылдау керек. Сәуле Қисықованың айтуынша, 3-5 күн аралығында дене қызуының көтерілуі корнавирус инфекциясы қалыпты дәрежеде өтіп жатқанда байқалады.

«Аумақтық тіркелу жеріне қарай жедел жәрдім немесе емхананың call-орталығына хабарлау керек. Осы орайда карантин жайында және не себепті хабарласқаныңызды ескерту қажет» деді ол. Осы орайда С. Қисықова қарттар, жүрек-қан тамыры әрі онкологиялық ауруы барлар, трансплантациялаудан өткен тұрғындар өздерін емдеумен айналыспай, бірден учаскелік дәрігермен байланысқа шағуы керектігін ескертті.

Онлайн баспасөз мәслихатында «диета ұстану коронавирус инфекциясына байланысты иммунитетті әлсіретуі мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды. «Коронавирус инфекциясына байланысты жағдайдың күрделі екенін ескеріп, бұл кезеңде өмірдің қалыпты режимі мен ырғағын ұстанған жөн» деді С. Қисықова.

Осы орайда ол тамақтанудың қалыпты режимін сақтауға кеңес берді. «Тамақтану тәртібін күрт төмендетуге болмайды. Калориясы төмен тағамдар бар, яғни оны адамдар өздері таңдауы керек. Әрине, адамдар қандай диета керектігін өздері біледі. Алайда, біз ашығуға кеңес бермейміз» деді Сәуле Қисықова.

«Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеу хаттамасына үнемі өзгертулер енгізіп тұрады. Сондықтан бекітілген хаттамаға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Қабынуға қарсы дексаметазон препаратына тоқталсақ, бізде мұндай препарат бар. Инфекция асқынған кезде консилиумның шешімімен, әріптестеріміз ем-дом процесінде аталған дәрі-дермекті пайдаланады» деді басқарма басшысы. Бұдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлыбритания ғалымдары дексаметазон инфекциясын жұқтырғандар арасында өлім-жітімді төмендететінін жариялаған еді.

«Егер нақты коронавирус инфекциясына тоқталсақ, аумақтық емханалар шешімі бойынша жедел жәрдем ауруханаға жеткізеді. КВИ тіркелген жағдайда аумақтық емханалар осы эпидемиологиялық ошақты бақылауға алып, індеттің симптомсыз немесе симптомды екенін анықтайды» деді С. Қисықова.

Оның сөзінше, емханадан тыс тұрғын өзі хабарласса, онда жоғары қауіпті ескере отырып, жедел жәрдем станциясының қызметкерлері пациентті ауруханаға жеткізеді. «Егер қолдарында нақтыланған анализ болмаса, ауруханаға жеткізеді, провизорлық стационарға консультацияға алып барады. Онда баршасына коронавирус инфекциясы бойынша тест жасалып, адамдардың ағзасы тексеруден өтеді. Сол жерде ауруханаға жатқызу мәселесі шешіледі. Инфекция нақтыланса, науқас инфекциялық стационарға ауыстырылады» деді Сәуле Қисықова.


Бөлісіңіз