Таңертеңгілік ой

314 қаралу саны

Төтенше жағдайда «Үйден шықпа – Елді сақта» акциясымен үйде отырғанның да пайдасы аз емес. Күнделікті күйбең тіршілікте шапқылап жүріп адамның өмір туралы бір сәт ойлануға да мұршасы болмайтыны – шындық.  Қазір өмір туралы, өзің туралы пәлсапа соққың келіп тұрады.

Дәл бүгін ұйқыдан тұра сала мынадай ой келді: Адамдардың жеке дамуына кедергі келтіретін ең үлкен нәрсе: олар өз өмірін жақсартумен айналысудан гөрі басқа адамдардың өмірін жақсартпаумен көбірек айналысып кетеді. Ақыл айтады. Қызғанады. Аяқтан шалады. Мұндай етістіктердің соңына жетіп болмайсың. Осының бәрі ақылдың тасығанынан емес, ақылдың тоқырауынан. Ойбай-ау, беретін бірдеңең болмаса, басқа адамға ақыл айтып нең бар?! Басқалар өйтіп-бүйтіп жүріп адам болып кетпей ме?! Олардың өміріне кедергі келтіргеннен жерің кеңіп кете ме?

«Ақылың – өзіңе» дегенді де ата-бабаларымыз айтып кеткен.Бізге шегелеп. Шиллердің бір шығармасында ғажап девиз бар: «Live and Let Live» – «Живи и давай жить другим». Гинзбург мұны, тіпті, керемет аударған: «Сам не робей и других не тревож». Біздің әрқайсымыздың өмір сүру девизіміз осы болса көсегеміз көгерген ел болмас па едік?! 

Бөлісіңіз