Тимур Сұлтанғазиев: Аймақтарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбі ірі кәсіпорындарда тіркеліп жатыр

266 қаралу саны

ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» онлайн-бағдарламасына қатысып, көптеген сұрақтарға жауап берді. Біз бүгін «Кеткеткет.кз» сайтының оқырмандарына сол хабарда айтылған әңгіменің кей тұстарын қағазға түсіріп, ұсынып отырмыз.

Тимур Сұлтанғазиев: Бүгінгі таңға дейін Қазақстан бойынша 8531 сырқат анықталды. Олардың 3118-і ары қарай емін инфекциялық клиникаларда жалғастыруда. Жалпы 4400 адам емделіп, үйлеріне қайтарылды. Яғни, жартысынан көбі емделіп, үйілеріне қайтты. Өткен тәулік бойынша инфекцияны жұқтырған 209 адам тіркелді. Өсу деңгейі – 2,5 пайыз. Жалпы өткен аптамен салыстырғанда 2091 науқас анықталып, өсу деңгейі 2,2-5,2 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Өткен аптада коронавирус жұқтырған азаматтардың 80 пайызы немесе 1689 науқас белсенді түрде жүргізілген скрининг барысында анықталды. Кейбір өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны айтарлықтай артып келеді. Аймақтарды өсім бойынша бірнеше топқа бөліп отырмыз.

Бірінші топқа жұқтыру өсімі 7 пайызды құрайтын өңірлер кіреді. Мұндай өсім Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында байқалды.

Екінші топтағы өсім көрсеткіші 5-7 пайыз аралығын көрсетіп отырған облыстарға Ақмола, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласы енеді.

Үшінші топқа өсім көрсеткіші 5 пайыздан төмен аймақтар кіреді. Олар: ШҚО, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облысы мен Алматы қаласы.

Аймақтарда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбі ірі кәсіпорындарда тіркеліп жатыр. Мәселен, олардың ішінде Шымкенттегі «Петро Қазақстан» немесе Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» нысандары бар. Атыраудағы «Теңізшевройлда» да сондай жағдай. Азаматтардың жұмысқа шығуына, екінші жағынан карантин тәртібінің әлсіреуіне байланысты бізде жұқтыру жағдайы артып барады.



Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жұмыстағы адамдардың 70 пайызы қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшкен болатын. Оқытудың өзі де 100 пайыз – түгелдей қашықтан жүргізуге ауыстырылғанын білесіздер. Әйтсе де қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшпеген ұжымдардың ішінде коронавирусты жұқтырғандардың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Осы ретте бір жарқын мысалды келтіре кетейін: білім жүйесінде, мектептер, университеттер мен колледждер толығымен қашықтан оқытуға көшіп кеткеннен кейін біз оқушылар, студенттер мен мұғалімдер арасында вирус жұқтырғандар мүлде тіркелмей жатқанын көріп отырмыз.

Қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көшпеген ұжымдардағы жұмыскерлер қарапайым сақтық шараларын ұстанбай, мұның салдары айқын көрініп отыр. Осыған байланысты өткен аптадан бастап белсенді түрде жергілікті жерлерде рейд шараларын жүргізе бастадық. Аймақтардағы штабтардың бәріне де осындай тапсырма берілді. Жедел штабтар бақылау комитетінің, полиция өкілдерімен бірге шығып, мейрамханалар мен дәмханаларды тексереді. Өткен аптада 10 мыңға тарта нысан тексеріліп, 1 мыңға тарта ереже бұзушылық анықталды. Осы тексерістің нәтижесі бойынша жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар да бар. Кейбір кәсіпорындарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жұмыс жалғасын табады.

Хабардың толық нұсқасын сілтемеден көре аласыз.

Дереккөз: ҚР ДСМ Facebook парақшасы

Сурет дереккөзі: Petroloum KAJ сайты

Ары қарай оқу:



Кнопка домой
Бөлісіңіз