Тимур Сұлтанғазиев «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды…» бағдарламасында не туралы айтты?

267 қаралу саны

Құрметті «Кеткеткет.кз» оқырмандары! Өздеріңізге жақсы таныс «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды» тікелей эфирінің бүгінгі қонағы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев болды. Төменде біз хабарда айтылған басты жайттарға тоқталамыз.


1.Коронавирусқа қатысты еліміздің өңірлері 3 топқа бөлінді

Тимур Сұлтанғазиев: Бір апта ішінде коронавирусқа шалдыққандардың 14 пайызы індетті шет елдерден жұқтырып келген. Вирус негізінен Ресей Федерациясынан келіп жатыр. Өзбекстан мен Қырғызстаннан да аздаған деректер бар.

Коронавирусқа қатысты еліміздің өңірлері 3 топқа бөлінген.

Бірінші топқа апта ішіндегі вирус жұқтыру жағдайының өсімі 7 пайыздан асатын өңірлер кіреді. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан және Жамбыл облыстары бар.

Екінші топқа COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай 7 пайыздан кем өңірлер кіреді. Олар: Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Бұл өңірлерде 7 күннің ішінде 553 жағдай тіркелді.

Үшінші топ вирусқа шалдығу өсімі 5 пайыздан аспайтын Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары кіреді.

2. Қазақстанда коронавируске шалдыққандардың 50 пайыздан астамы емделіп шықты.

Тимур Сұлтанғазиев: Бүгінгі күні Қазақстанда коронавирус жұқтырудың 6 440 жағдайы тіркелді. 3 256 адам немесе 50 пайыздан астам жазылып, үйлеріне шығарылды. 3 150 пациент ем алып жатыр. Өткен тәулікте елімізде жаңадан 283 жағдай тіркеліп, өсім 4,6 пайыз болды. Бұл -айқындалған өсім аясы деген сөз. Олардың негізгі бөлігі – 187 оқиға скрининг арқылы, белсенді іздестіру барысында анықталды.

283 адамның 69-ы – коронавирусқа шалдыққандармен байланыста болғандар. 18 жағдайда вирус – ЖРВИ, тұмау белгілерімен жедел жәрдемге хабарласқаннан кейін анықталған. Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа жағдайлар тіркелген жоқ. Апта ішіндегі ахуалды алып қарасақ, 11 мамырдан 17 мамырға дейін 1 350 науқас тіркелді. Өсім қарқыны 2-ден 5 пайызға дейінгі аралықта ауытқып тұрады. Олардың 80 пайызы алдын алу скринингі барысында анықталған.

3. Вирус өзін алдағы уақытта қалай ұстайтындығын ешкім дөп басып айта алмайды

Тимур Сұлтанғазиев: Вирустың (коронавирустың) жаңадан пайда болғанын, бұрын-соңды болмағандығын түсіну қажет. Зерттеулер барысында егжей-тегжейлері шығып жатады. Бірақ, жаздағы температураның әсері жаз кезеңінде маусымдық тұмаудың немесе ЖРВИ-дің төмендеуіне негізгі себеп еместігін айыра білу керек. Жыл сайын ЖРВИ-ді тек қана күзде, көктемде тіркемейміз. Қыста, тіпті жазда да тіркеледі.

Дегенмен, жаз айларында тұмау мен ЖРВИ аз тіркеледі. Бұл, ең бірінші кезекте, күн сәулесіне немесе температураға байланысты емес. Жазда ғимараттарды желдетіп алуға мүмкіндік туып, қоршаған ортада вирустардың саны айтарлықтай артатын жабық ғимараттарда адамдардың шоғырлануы азаяды. Ал болжамға келер болсақ, вирус өзін алдағы уақытта қалай ұстайтындығын ешкім дөп басып айта алмайды.

4. Қалалар арасындағы блокпостар әлі де сақталады

Тимур Сұлтанғазиев: Бүгінгі күні қалалар арасындағы блокпостар әлі де сақталады және облыстар мен өңірлер арасындағы қозғалысқа да шектеу бар. Қазіргі уақытта аталған блокпостарды алып бастауды көздеп отырған жоқпыз.



Бұл, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалдың әртүрлі болуымен байланысты. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Айталық, соңғы бірнеше күн бойы Шымкент қаласы мен Атырау облысында айтарлықтай өсім орын алуда. Өңірлер арасындағы карантин шараларын жеңілдету және блокпоттарды алу инфекцияның Шымкент қаласынан Түркістан облысына немесе Атырау облысынан оған жақын өңірлерге таралуына әкелуі мүмкін.

5. Әуе рейстерінің қайта жанданып, жиіліктерін арттыру себебі неде?

Тимур Сұлтанғазиев: Ұшақта болу уақыты қысқа екендігін түсіну қажет. Нұр-Сұлтаннан Алматыға дейін 1,5 сағат қана ұшасың. Тәуекел айтарлықтай үлкен емес. Ал халықтың бір өңірден екіншісіне жаппай қозғалуының тәуекелі өте жоғары. Адамдар өңірлердің арасында автомобильмен жаппай жүре бастайтындығын түсіну қажет. Ал ол адамның бұған дейін қайда болғанын, кіммен қарым-қатынаста болғанын ешкім білмейді.

6. Теңіз кен орнында коронавирустың ушығуына не себеп?

Тимур Сұлтанғазиев: Кейбір өңірде індет жұқтырғандардың саны артып, енді кейбірінде мүлдем тіркелмегенін көріп отырмыз. Карантин шараларын босаңсыту кейбір өңірде індет жұқтырғандар санының артуына себеп болды. Көп адам жұмыс істейтін жабық ұжымдарда, мәселен, «Теңізшевройл» және оның Атырау облысындағы мердігер және субмердігер ұйымдарында вирус жұқтырғандардың саны көп. Бұл, Шымкенттегі «PetroKazakhstan» компаниясына да қатысты. Біз оларда ұжымның «жабық» болғандығынан, вахталық кентте тұратындықтан, бастапқыда жария етілген және ұсынылған карантин шараларының сақталмауынан бірден өсім болғанын көріп отырмыз.

Мұндай жағдайда ұйымның басшылығы мен жұмыс берушілер барлық шаралардың сақталуына жауапты болады. Олар карантин талаптарының міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуі керек. Жалпы, карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты өңірлердегі барлық жедел штабтарға және жергілікті атқарушы органдарға карантин шарттарының сақталуын бақылауды күшейту, шолғындау тексерулерін жүргізу ұсынысы берілді. Карантин талаптарын жеңілдеткеннің өзінде бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін түсінгеніміз жөн.

  • «Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды…» бағдарламасының бұл хабарын мына сілтемеден

көре аласыздар.

Сурет дереккөзі: Stan.kz



Кнопка домой
Бөлісіңіз