ТМККК және МӘМС жүйесі бойынша кімдерге ПТР-тест тегін жасалады?

379 қаралу саны

1406 байланыс орталығына КВИ-ға тест тапсыру мәселесі бойынша хабарласушылар саны 2 есе артты. Қоңыраулардың көбі коронавирус бойынша ауруханаға жатқызу мәселесіне қатысты. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлайды.

Тұрғындар ПТР-тест тапсыру, коронавирус және симптомсыз ауру белгілері туралы сұрайды. Медицина ұйымдарының жұмысын, ауруханаға жоспарлы жатқызу жағын түсіндіруді өтінеді.

«Біздің аймақтық филиалдарымыз жергілікті денсаулық сақтау басқармаларымен тығыз байланыста, еліміздің әрбір тұрғынына барынша көмектесуге тырысады. ПТР-талдау тапсыруға қатысты сұрақтар түсіп жатқандықтан, айта кеткім келеді. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес 10 санат бойынша COVID-19-ға тестілеу ақысын қор төлейді» деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов.

Қор қаражаты есебінен коронавирусқа ақысыз ПТР-талдаудан өтуге құқылы азаматтар:

Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде:

  • инфекциялық стационарға жатқызылған пациенттер;
  • COVID-19 болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарға жатқызылған пациенттер;
  • COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, стационарлық деңгейдегі пациенттер;
  • үйде оқшаулауға жағдай болмағанда карантиндік изоляторға симптомсыз COVID-19-пен жатқызылған азаматтар (ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін, сол жатқан стационарларда жүргізіледі);
  • COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, амбулаторлық деңгейдегі пациенттер;
  • симптомсыз COVID-19-пен БМСК дәрігер бақылауындағы азаматтар (ПТР-тексеру, бұл санаттағылар үшін тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады).

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында:

  • ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде 37 апта мерзімінде босандыруға рұқсат берілген жүкті әйелдер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады);
  • ауруханаға шұғыл түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде жүкті әйелдер мен бала босанған аналар (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі);
  • гемодиализде жатқан пациенттер (ПТР-тексеру тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
  • жаңа туған нәрестелер, клиникалық хаттамаға сәйкес (ПТР-тексеру стационарда жүргізіледі).

Зерттеу жұмыстарын ұйымдастырумен және басқа да қосалқы мәселелермен аймақтық денсаулық сақтау басқармалары айналысады.

«Қазіргі уақытта бірқатар аймақта медицина ұйымдарының инфрақұрылымдары қалыптасқан жүктемелерді көтере алмауда. Осыған байланысты тест тапсырғысы келетіндердің кезегі байқалады. Бұл да тест нәтижесінің жылдам ұсынылуына әсер етеді. Қор тарапынан біз медициналық ұйымдардың қызмет ақысын уақытылы төлеу жөніндегі міндеттемемізді орындауға дайынбыз» деді Марат Шоранов.

Кнопка домой
Бөлісіңіз