Тойды тоқтат, тойшыл қазақ! Сонда ғана аман қаламыз мына індеттен!

6  772 қаралу саны

Фейсбук парақшасындағы жазбаны көріп жаның түршігеді. 39 градус дене ыстығымен отырған келіншек «Бүгін екі қызды ұзатуым керек»  деп отыр. Карантиннің ең сорақы парадоксы осы шығар. Ата сақалы аузына түскен адам ретінде мұны тіпті қабылдай алмадым. Дәл қазір бізді құртып жатқан – осы той-домалақ. Бұл туралы бұған дейін де аузы дуалы қазақтың азаматтары айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ, бас қосқанды қоятын адам көрінбейді.

Бүгін де ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова той-жиындар болған жерде КВИ жұқтырғандардың саны өсіп кететінін жеткізді. Ол халықты алдын алу шараларын сақтауға шақыруда шаршамайтынын жеткізді. Шынында да карантин кезінен бастап осы той өткізбеу туралы қаншама рет айтылды десеңізші!  

«Әйтсе де көп адамның талаптарды сақтайтынын да атап өту керек. Десе де бүгінгі күні әлеуметтік желілер арқылы да, туған-туыстарымыздан естігеніміздей, халық әртүрлі той-жиынды – туған күндерді, еске алу рәсімдерін де өткізуде. Мұндай шаралар барлық өңірде болып жатыр. Осы жиындардан кейін өкінішке қарай бәрі де 100 пайыз КВИ жұқтырып алатынын байқаймыз. Адамдар мұндай жиын-тойлардан келіп, вирусты үйіне таратады. Осылайша адамдар вирусты жүздеп жұқтыруда» деген Айжан Есмағамбетова сөзі шынында да адамдарға ой салуы керек-ақ.

Ары қарай оқу:



Айтары жоқ, инфекция қоғам ішінде осылай таралып жатқаны сөзсіз. Бәріміз де қарапайым ережелерді сақтамай, індеттің кең тарауына жол беріп отырмыз. Сол себепті: коронавирусты жеңу – өзімізге байланысты. Әрбіріміз қаншалықты ережені ұстана білсек, соншалықты індетті тез еңсереміз.

Бас санитарлық дәрігердің бүгінгі сөзі үлкен ойға қалдырды. Шынында да тәртіпке бағынатын кез келді. Бауыржан Момышұлының айтқаны бар: «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды».

Дәл қазіргі жағдайда адамдардың бір жерге жиналуы және оның үстіне бірнеше сағат бойы ас үстінде араласуы –өте қауіпті. Тіпті мұны қазір түсіндіріп жатудың өзі артық болып қалды.

Сондықтан да тұтас елдің амандығын ойлайтын әр азамат ең алдымен туыстары мен достарын қонаққа шақырудан бас тартқандары әбден орынды. «Өлімнен де ұят күшті» дейтін қазақтың шақырған жерден қалуға ұялатынын әрбір адам ескеріп, қазір қонаққа шақыру мен той жасаудан бас тартқаны абзал. Өйткені, ондай жерлерде аурудың тез таралу ықтималдылығы жоғары екені сөзсіз. Сондықтан да барлық адамдар біздің ұсынысымызға өте түсіністікпен қарағаны жөн.

«Аман ердің аты шығар» деген. Дәл қазіргі таңда біз үшін ең басты нәрсе – жұқпалы коронавирусты көп болып жеңіп шығу. Аман болсақ ғана әлі талай той-томалақта жүретініміз анық. «Мен шақырғаннан ештеңе бола қоймас» деген немқұрайлылық көзқарастан бәрімізге қазірден арылу керек. Біз әркім тек өзін емес, барлық халықты ойлайтын уақыт туғанын бір сәтке де ұмытпауымыз керек. Сіз қазірден бастап «оқшаулану – жақындардан қашу емес, өзіңнің де, олардың да денсаулығына қауіп төндірмеу» деген қағидатқа көшкенде ғана біз бір-біріміздің өмірімізді сақтай алатынымызды есіңізден шығармаңыз!

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салған.

Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, публицист

Ары қарай оқу:



Кнопка домой

Бөлісіңіз