Тойды тоқтат, тойшыл қазақ!

287 қаралу саны

Дәл Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда короновирус белгілерімен ауырғандардың пайда болуы –  өте өкінішті. Өйткені, Наурыз – біздің халық үшін ерекше мереке. Көптеген адамдар өз қуаныштарын осы мерекеде атап өтуді алдын ала жоспарлап қойғаны белгілі. Алайда, дәл қазіргі жағдайда адамдардың бір жерге жиналуы және оның үстіне бірнеше сағат бойы ас үстінде араласуы – өте қауіпті. Тіпті мұны қазір түсіндіріп жатудың өзі артық болып қалды. 

Сондықтан да тұтас елдің амандығын ойлайтын әр азамат ең алдымен туыстары мен достарын қонаққа шақырудан бас тартқандары әбден орынды. «Өлімнен де ұят күшті» дейтін қазақтың шақырған жерден қалуға ұялатынын әрбір адам ескеріп, қазір қонаққа шақыру мен той жасаудан бас тартқаны абзал. Өйткені, ондай жерлерде аурудың тез таралу ықтималдылығы жоғары екені сөзсіз. Сондықтан да барлық адамдар біздің ұсынысымызға өте түсіністікпен қарағаны жөн.  

«Аман ердің аты шығар» деген. Дәл қазіргі таңда біз үшін ең басты нәрсе – жұқпалы коронавирусты көп болып жеңіп шығу. Аман болсақ ғана әлі талай той-томалақта жүретініміз анық. «Мен шақырғаннан ештеңе бола қоймас» деген немқұрайлылық көзқарастан бәрімізге қазірден арылу керек. Біз әркім тек өзін емес, барлық халықты ойлайтын уақыт туғанын бір сәтке де ұмытпауымыз керек. Сіз қазірден бастап «оқшаулану – жақындардан қашу емес, өзіңнің де, олардың да денсаулығына қауіп төндірмеу» деген қағидатқа көшкенде ғана біз бір-біріміздің өмірімізді сақтай алатынымызды есіңізден шығармаңыз!

Барлық қазақстандықтардың өзара қол ұшын беруіне арналған сайт: Qoldasy.kz

Кнопка домой
Бөлісіңіз