Уханьдағы індет ошағына барып еңбек еткен қазақ қызы

40  636 қаралу саны

«Бүгін – Халықаралық медбикелер күні. Осы халықаралық датаға орай Уханьдағы індет ошағына барып өзінің кәсіби біліктілігмен көптің ықыласына бөленіп келген Баһаргүл Бөдешқызымен сұхбаттасуды және мерекесімен құттықтауды жөн көрдік» деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Баһаргүл Бөдешқызы 1985 жылы Бұратала қаласының Далда қалашығында туған. 2003 жылы Шыхызы университетін медбике мамандығы бойынша бітірген. Оқуды тәмамдаған соң Шынжаңның Қашқар аймақтық 1-ші халық емханасына жұмысқа орналасып, қазірге дейін аталған орында мамандығы бойынша қызмет істеп келеді екен.

Нақтырақ айтар болсақ, Б .Бөдешқызы Қашқар аймақтық 1-ші халық емханасының жүйке жүйесі аурулары бөлімінің аға медбикесі болып қызмет істейді. Сovid-19 індеті Қытайдың Ухань қаласында өршіп тарай бастағанда аурударды аса қауіпті індеттен құтқарып қалуға аттанған екі қазақ қызының бірі осы Баһаргүл Бөдешқызы болатын. «Індет таралғаннан кейін бүкіл ел бойынша жиыны 340-тан астам емдеу тобы, жалпы 42 мың 600 адам Хубейға көмекке барады. Олардың 70% жуығы медбике болған. Шынжаңдық қазақ бойжеткен Баһаргүл Бөдешқызы сол медбикелердің бірі болды» деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, сол уақытта қатерлі індеттің ошағына айналған Ухань қаласына баруға қазақ қызы өзі өтініш білдірген. «…Баһаргүл өзі жұмыс істейтін емхананың Уханьға көмекке емдеу қызметкерлерін жіберетіндігін естіп, емхана басшылығына көмекке бару ойын айтып, өтініш хатын жазады. 4 ақпан күні ол Шынжаңның көмекке жіберген емдеу тобының бір мүшесі ретінде Ухань қаласына барады. Баһаргүл ең көлемді Фаңсаң емханасындағы індетке шалдыққан науқастарды емдеу-күтімдеумен 1,5 айға жуық жұмыс істейді. Сөйтіп, ол емдеу тобымен бірге дәрігерлік міндетін сәтті орындап, індеттің беті қайтқан шақта 17 наурызда Үрімжіге оралды» деп жазады қытайлық БАҚ.

Дереккөз: Қытайдың «Орталық халық радиосы»

Сурет дереккөзі: Қытайдың «Орталық халық радиосы»

Бөлісіңіз