Вебинар: вакцина ағзаның иммундық жүйесінің қауіпті инфекцияларға табиғи қарсы тұру механизмі

126 қаралу саны

Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын. Аталған құжатта екпелердің бәрін міндетті және ерікті деп екіге бөлу туралы шешім қабылданған-ды. Дәл осы міндетті екпеге қатысты қоғам арасында түсінбеушілік туындап, оған наразылық білдірушілер де шығып жатыр. Осыған орай «ӘМСҚ» бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап өткізіп жатқан вебинар форматындағы семинардың 30 маусымдағы басқосуын вакцинация тақырыбына арнады. ҚР ДСМ тұрғындарды иммундау жөніндегі ұлттық кеңестік комиссияның мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Сатыбалдиева  вакцина ағзаның иммундық жүйесінің қауіпті инфекцияларға табиғи қарсы тұру механизмі екендігін айтып берді. Қазақстан Республикасында ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес салынатын моновакцина және аралас вакцина болып бөлінеді. Моновакцина туберкулез, дифтерия, тырыспа, пневмококты инфекция, В гепатиті, полиомелитке қарсы салынады. Ал аралас вакцина қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел, В типті гемофильді инфекциялардың алдын алады.

«Вакцина өзінің құрамына байланысты ағзада қандай да бір өзгерістер, яғни реакция беруі мүмкін. Оны поствакциналдық реакция деп атайды. Ол ағзаға қауіп тудырмайды, біраз уақыттан кейін жойылады. Екпе салынғаннан кейін дене қызуы көтерілуі мүмкін. Жалпы мазасыздану, вакцина салынған жер қабынуы да ықтимал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметіне сәйкес вакцинадан кейінгі асқыну 1 миллионға шаққанда 1 жағдайды ғана құрайды» дейді ол.

«Интернеттегі негізсіз, дәйексіз ақпараттар халықтың вакцинадан қорқуына, оның пайдасы бар екеніне сенбеуге шақырып отыр. Сонымен қатар әртүрлі діни көзқарастарға байланысты да кейбір ата-аналар баласына екпе жасатудан бас тартып жатады. Жалпы вакцинация – мұқтаждықтан пайда болған ем. Вакцинация арқасында ғасырлар бойы қауіпті болып келген аурулардан арылып келеміз. Ол аурулардың шешек, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, қызылша, қызамық, паротит сынды көптеген түрі қазіргі уақытта жойылған немесе жеңіл түрде кездеседі» деді білікті маман.

Бөлісіңіз