Жаңартылған коронавирус статистикасы 2 тамызда жарияланады

135 қаралу саны

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирустың жаңартылған статистикасы 2 тамызда жарияланатынын айтты.

«Біз өте қиын процесс өткіздік. Екі апта ішінде науқастарды тіркеу жүйесінің сенімділігі үшін кодтау алгоритмі мен нұсқаулықтар жасалды. Біз қолданыстағы ақпараттық жүйені құрдық, осы кезең ішінде бүкіл медицина қызметкерлеріне жаңа деректерді қалай дұрыс енгізу керектігін үйреттік. Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілінің техникалық кеңесіне сәйкес жаңа мәліметтер екіге бөлінді. Бірақ екі бөлік те коронавирус инфекциясы бар пациенттер ретінде қарастырылады» дейді Бағдат Қожахметов. Ол коронавирустық инфекция жағдайында кодтау алгоритмі екі кодпен, яғни ПТР сынағы оң болған кезде расталған жағдайлар үшін және расталмаған, ықтимал жағдайлар үшін қолданылады деді. Оның айтуынша, жаңа тәсіл ауру туралы дұрыс болжам жасауға және статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жаңа тәсіл аурудың алдын-ала дұрыс болжамын жасауға, барлық қажетті ресурстарды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді: қанша дәрігерді тарту керек, ауруханаларда қанша төсек дайындау керек. Тұтастай алғанда, бұл статистиканың ашықтығын қамтамасыз етеді, бұл өте дұрыс шешім, ол тиісті нәтиже береді» деді Б.Қожахметов.

Коронавирусқа қатысты жаңартылған мәліметтер төрт цифрға негізделеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты. «Егер бірінші код бойынша бәрі анық болса, екінші жағдайда коронавирусқа бірнеше белгілер бойынша диагноз қою керек, олар: эпидемиологиялық және клиникалық белгілер. Эпидемиологиялық белгілер – пациент ауру жұқтырған адамдармен нақты байланыста болған кезде, клиникалық белгілері – дене қызуы, құрғақ жөтел. Біз ел бойынша жиналған мәлімет 2 тамыздан бастап күнделікті ұсынып отырамыз. Мәліметтер төрт цифрға негізделеді. Бірінші көрсеткіш – коронавирус ПТР сынағымен расталған пациенттер, екіншісі – өлім жағдайлары, үшіншісі – ПТР сынамаларымен дәлелденбеген ықтимал ауырған пациенттер, төртіншісі – ПТР сынамаларымен дәлелденбеген бірақ өлім нәтижелері көрсеткен жағдайлар» дейді ол.

Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Бөлісіңіз