Жазғы демалыста елордалық балалар қалай демалады?

336 қаралу саны

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында жазғы демалыста балалар қала сыртындағы қандай лагерьлерге барып, демала алатынын айтып берді.

«Білім алушылар жазғы демалысқа шыққаннан кейін ата-аналардың көбін мазалайтын сұрақтардың дені – лагерьлердің жұмысы мен жалпы демалыстың ұйымдастырылуына қатысты болып келеді. Биыл балаларға арналған жазғы демалыс қала сыртындағы лагерьлерде ұйымдастырылады. Олар: «ARMAN» туристік-сауықтыру кешені (900 бала), «Боровичок» сауықтыру лагері (750 бала), «Батыр» шатырлы лагері (280 бала), «Тұлпар» киіз үй лагері (300 балаға арналған). Жазғы демалыспен жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тәуекел тобындағы және девиантты мінез-құлықты балалар қамтылады» деді Шолпан Қадырова.

Сонымен қатар, Оқушылар сарайларының жанында жазғы демалыс академиясының жұмысы ұйымдастырылады. «Халықаралық балаларды қорғау күні биыл «Барлығы балалар үшін» ұранымен өтеді. Жоспарланған іс-шаралар #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша ұйымдастырылады. Сол күні Instagram әлеуметтік желісінде балалар психологының, ішкі істер органдарының өкілі, заңгерлердің, білім беру және ғылыми өндірістік бірлестік өкілдерінің қатысуымен тікелей эфир ұйымдастырылады. Онда ата-аналар мен балалар құқықтық және өзге де кеңестер ала алады.

«Ашық спорт» мектеп алаңы ұйымдастырылады. Онда жүзік ату, бестас, асық ату, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, қазақ күресінен жарыстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар эко-асарға қатысады. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталығының және «Астана SOS Балалар ауылы» тәрбиеленушілері үшін мерекелік құттықтау бағдарламасы өткізіледі» деді басқарма басшысы. Дереккөз: Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің Facebook парақшасы

Бөлісіңіз