Жедел жәрдем базасындағы ахуалдық орталық COVID-19-бен күрес тиімділігін арттырды

204 қаралу саны

Орталықтың арқасында науқастардың қабылдау бөлімшелерінде күту уақыты едәуір қысқарып, ресурстарды тиімді бөлу қамтамасыз етілді.  Елордалық жедел жәрдем станциясы базасындағы ахуалдық орталық COVID-19 пандемиясы кезеңінде медицина ұйымдарының арасында тиімді өзара іс-қимыл мақсатында құрылды.

Оның негізгі міндеті – COVID-19 және пневмония бойынша түскен өтінімдердің мониторингі, науқастарды жедел жәрдем, БМСК және стационарлар арасында бөлуді қамтамасыз ету. Мониторинг орталығына әр сағат сайын келіп түскен мәліметтер негізінде басқарудың маңызды шешімдері қабылданады. Ахуалдық орталықтың қызметі ресурстарды бөлу арқылы медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ науқастардың қабылдау бөлімшелерінде күту уақыты айтарлықтай қысқарғаны да аса маңызды. Атап айтқанда, науқастарды бағыттау орын, кадрлар және техникалық ресурстарды дұрыс бөлуге мүмкіндік береді.

«Карантин енгізілгеннен бері біз қоңыраулар мен өтінімдердің 4 мыңнан 2 мыңға дейін төмендегенін байқадық. Біз енгізген механизмдер – чат-боттар, байланыс орталықтары жоғары тиімділік көрсетті. Жедел жәрдем қызметтеріне жүктеме айтарлықтай төмендеді. Қазір біз орташа жүктемемен жұмыс істеп жатырмыз» дейді қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев.

Жедел жәрдем шақыру қоңырауларының барлығы 103 пультіне келіп түседі. COVID-19 туралы кеңестер мен ақпаратты байланыс орталығының қызметкерлерінен 8 (7172) 70-51-03 телефоны арқылы алуға болады.

Дереккөз: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Бөлісіңіз