Жіті ішек инфекциясының алдын алу

180 қаралу саны

Ішек инфекциясы – біріншіден ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың бір тұтас тобы. Микроорганизмдердің бірнеше тобы: бактерия, вирус және қарапайымдылар жіті ішек инфекцияларының себебі болып табылады.

Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.

Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары боп келеді. Ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі ауруға шалдығады.

Ауру нәжіс-ауыз арқылы, тамақ, су және тұрмыстық жанасу арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін, бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылуы мүмкін. Инфекциямен ауырғаннан кейін иммунитет 3- 4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін.

Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ антисанитарлық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдері жіті ішек инфекцияларын жұқтыруы да мүмкін.

Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін: вирусты инфекция, көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттанушылық деңгейі артқан кезде болады, бактериялық инфекциямен сырқаттанушылық жазғы мезгілде болады.

Республикадағы эпидемиологиялық ахуал:

2019 жылмен салыстырғанда ЖІИ-мен сырқаттанушылықтың 4,97%-ға төмендегені байқалды. 11402 ЖІИ ауруы тіркелді, 100 мың адамға шаққанда, сырқаттанушылық көрсеткіші 2018 жылғы 11998 жағдаймен салыстырғанда, ауру көрсеткіші – 62,4. 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылық 10,4%-ға азайды, 100 мың адамға шаққанда, сырқаттанушылық көрсеткіші 2018 жылғы 175,4-пен салыстырғанда – 157,2.

Ауру ошақтарына эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде ЖІИ ауруы, негізінен тамақ арқылы – 80,3% және тұрмыстық жанасу арқылы – 19,3% жұғатыны анықталды.

Жіті ішек инфекцияларының негізгі алдын алу шаралары:

  • Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
  • Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
  • Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю;
  • Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану. Тамақты ұзақ, тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау;
  • Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
  • Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке асүй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
  • Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу. Суқоймаларда және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалау;
  • Үйді, ауланы таза ұстау.

Дереккөз: ҚР ДСМ ҰҚДСО Фейсбук парақшасы

Бөлісіңіз